Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Ш. Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған, сондай-ақ, Өнер ордасының жылды қорытындылау «Ән аға-жан аға» атты гала концерті өтті.
Фойеде «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шәмшінің өзі қолданған бұйымдарын арнайы әзірленген музейден тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Фуршет дастарханынан Шәмші ауылынан келген құрт,ірімшіктен ауыз тиіп, поно-тақтайшалары арқылы Шәмші Қалдаяқовтың ел аузында жүрген әндерінің шығу тарихынан хабардар болды.
Кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмшінің таңдаулы әндері шырқалды. ӘН-падишасының өмірі мен шығармашылығына арналған бейне роликтер лэд экран арқылы көрерменге жол тартты.
Кеш шымылдығын Филармонияның дәстүрлі әншілері «Отырардағы той» әнімен ашты. Өнерпаздарды 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Тұмар» этно фольклорлық ансамблі сүйемелдеді.
Сонымен қатар, кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамблдері өнер көрсетті.
Концертте филармония өнер шеберлері ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегерлері, Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, «Дарын-жастар» сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және бірқатар өнер майталмандары өнер көрсетті.
Қазақ музыка өнеріне жаңалық енгізген Шәмші атамыз, көзі тірісінде: «Халқым барда менің әндерім тыңдаушысыз қалмақ емес»,- дегендей «Конгресс холл» кешенінің Шәмші әндерін сағынған халықпен толыққандығы және Ш.Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасын асыға күтетіндігі өнер ордасы үшін үлкен мәртебе болды. Өз кезегінде Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы жылды сәтті қорытындылап, келер жылы ауқымды концерттік жобаларын көрерменге ұсынатын болады.
Комментарий