Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Фараб»би ансамблі - ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік би өнерінің алуан түрлілігін насихаттайтын бірегей кәсіби ұжым болып табылады. Ұжымның репертуарында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің 30-дан аса ұлттық би бағытындағы қойылымдары бар.Қазіргі таңда ансамбль құрамында 20 би әртістері қызмет етеді. Шығармашылық ұжымның тарихы 2017 жылдың шілде айында «Түркістан сарайы» концерттік ұйымы» МКҚК-ны жанынан Облыс әкімінің қолдауымен, Түркістан сарайының директоры Шалхарова Алия Богданқызының жетекшілік етуімен құрылды. Ансамбльдің құрамына облысымыздың аудан, қалаларынан кәсіби бишілер іріктеліп алынды.
Құрылғанына аз уақыт өткеніне қарамастан, «Фараб» би ансамблі 2017 жылы еліміздің бас қаласы Астанада өткен Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО- 2017» көрмесі аясында «Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы мәдениет күндеріне» арналған концертінде алғаш рет табысты өнер көрсетіп, талғамы биік Астаналық көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп қайтты.
Өз біліктілігі мен кәсіби деңгейінің нәтижесінде әртүрлі жанрдағы би қойылымдарын меңгеріп үлгерген би ұжымы қалалық, облыстық және республикалық мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Атап айтқанда:
2017 жылы «Жыл үздіктерін марапаттау» бойынша облыстық мәдени салтанатты іс-шарасында ;
«Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында атап өткен түркі тілдес мемлекеттерінің біріккен күніне арналған салтанатты іс-шарасында;
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Үздік жастар премиясы» марапаттауына арналған салтанатты іс-шарасы;
Халықаралық туристік инвестициялық форумы;
2017 жылдың желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында шейх Заид атындағы Халықаралық мәдениет фестивалінде де өз өнерін күллі әлемге паш етті. (Sheikh Zayed Heritage Festival) Фестиваль жетінші жыл өткізілді. Халықаралық туристік инвестициялық форумында ансамбль өнерін өте жоғары бағалаған Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері, Абу-даби қаласындағы Халықаралық фестивалге өз шақыртуларын берді ;
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс шарасында;
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2017 жыл үздіктерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шарасында;
2018 жылы «Фараб» Түркияның Инегел қаласында өткен Халықаралық халық билері байқауында бірінші орын алып, жеңімпаз атанды және Бурса қаласында 32-ші «Алтын Қарагөз» халық билері байқауында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының арнайы жүлдесінің иегері атанды.
2019 жылы Түркістан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясы ұжымының құрамына еніп, шығармашылық жұмыстарын жалғастырды. Дәл осы жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен Халықаралық «Навруз -2019» салтанатты мерекесіне қатысты;
2020 жылы «World Folk Vision 2020» әуесқойлар мен мәдениет және өнер саласының мамандарын біріктіруге бағытталған Халықаралық гуманитарлық ауқымды жобасында белсенділік танытты.
2021 жылы «Фараб» би ансамблі Қазақстан жане Италия елдерінің арасындағы достық қарым - қатынасты берік нығайту мақсатында және де Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін дәріптеу мақсатында, Қазақстанның Италиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Рим каласында 1 желтоқсан күні атақты Санта Чечилия консерваториясының үлкен залында Түркістан облысы өнерпаздарының қатысуымен мерекелік кешінде;
2022 жылы Түркияның Изник қаласында 76 елдің қатысуымен өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу және жабылу салтанатында қатысты.
2025 жылы Испания елі, Мадрид қаласында өткен ҚР Астана күніне орай ұйымдастырылған іс-шарасына, 11-ші Халықаралық «Жібек Жолы» өнер фестивалі, Жапония елінде өткен «ЭКСПО – 2025», Қытай Халық Республикасында өткен 11-ші Халықаралық «Жібек Жолы» өнер фестивалінің ашылу салтанатында, Ташкент қаласында ұйымдастырылған Халықаралық туристік көрмесі, Малайзия елі, Куала-Лумпур қаласында өткен ҚР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай өткен мерекелік іс-шараларында қатысты.
Бүгінгі таңда би ұжымының көркемдік жетекшісі - “Ерең еңбегі үшін”медалінің және “Достық” орденінің кавалері -Шалхарова Алия Богданқызы.