Шымкент қаласында көктем маусымының ең жарқын мәдени кештерінің бірі өтті. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония қала тұрғындары мен қонақтарын «DALA SOUND» атты ұлттық дәстүр мен заманауи музыканы тоғыстырған ерекше кешімен қуантты.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған жаңа форматтағы жоба аясында бір сахнада «SHAUGAR» этно-ансамблі мен камералық оркестр өнер көрсетті. Бұл шығармашылық үндестік дәстүрлі әуендер мен камералық музыканың нәзік үйлесімін ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Өнерсүйер қауымды қызыл кілеммен салтанатты қарсы алу, талғамға сай ұйымдастырылған фуршет, жанды музыка мен шабытқа толы атмосфера кештің салтанатын асыра түсті.

Концерт барысында қазақ композиторларының шығармалары, халық күйлері және заманауи этно-композициялар орындалып, көрерменге ұлттық өнердің жаңа тынысын сезіндірген ерекше музыкалық саяхат болды.

Жобаның авторы — филармония директорының орынбасары Тортаев Қуатбек — өнер сүйер қауымның көңілінен шығатын осы сарынды ерекше кештер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.