60 ЖЫЛДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР  ҚАРАШАҢЫРАҚ               
                             
Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы. Халық даналығында «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз бар. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. 
Облыс және қала тұрғындарының мәдени-рухани байлығын арттыру, өнерлі жандардың музыкалық ағарту қызметін дамытуды мақсат тұтқан Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты 60 жылдан астам тарихы бар «Ш. Қалдаяқов атындағы филармония»  МКҚК –ның қалыптасуының өзі қым-ғуыт оқиғаға толы. 

1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік филармониясы деген атау берілгенімен, тереңіне бойлайтын болсақ, замана көшіне ілесуде қиындықтармен бетпе-бет кезігіп, таратылғандығын, енді бірде қайта құрылғанын бірі білсе, бірі білмейді. «Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ғимараты 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік филармониясы деп аталып,филармония-концерт мекемесі болды.

1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы құрамында көптеген өнер ұжымдарымен бірге композитор Шәмші Қалдаяқов еңбек етіп, «Шалқыма» фольклорлық этнографиялық ансамблін ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасы Үкіметі, мәдениет министрлігі және Мемлекеттік ономастика комиссиясымен келісе отырып, 1996 жылы қасиетті мәдениет ошағына мемлекеттік Әнұранымыздың және жүректің жұмбақ иірімдерін қозғайтын, шынайы сезімдерді оятатын, 300 ге жуық әндердің авторы қазақтың даласы мен баласын ән әуенімен әлдилеген Шәмші Қалдаяқовтың есімі беріледі. 

2003 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония таратылып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің  «Концерттік бірлестігі» болып құрылды. Сол кезде мекемеден ұлы композитор есімі алынып тасталды.

2006 жылы «Концерттік бірлестік» таратылып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2006 жылғы 20 наурыздағы № 111 қаулысы негізінде «Облыстық филармония» болып ауыстырылды. 

ОҚО әкімдігінің 2007 жылғы 19 қаңтардағы № 15 қаулысына сәйкес  «Облыстық филармония» МКҚК мен «Оңтүстік концерт» МКҚК-ны біріктіріліп, қайтадан  «Облыстық филармония» болып қайта құрылды.

2007 жылы 100 жылдан астам тарихы бар ескі ғимарат бұзылуға жатқызылып, орнына жаңа ғимарат салынатын болғандықтан, мекеме «Эластик» мекемесін жалға алып сол ғимаратта жұмысын жалғастырды.

2008 жылы филармонияның бірқатар қызметкерлері мекемеге Ш. Қалдаяқов есімін беру жөнінде бастама көтеріп, осы жоба аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді.

2009 жылы ұлы композитордың мекемеден жойылып кеткен есімін қайта қалпына келтіру мақсатында, бейбіт түрде  қоғамдық пікір тудырған «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Шәмші атамыздың батасын алған әнші- сазгер Н.Төлегенов көтерген бастаманы ұжым мүшелері мен халық қолдап, Ш.Қалдаяқовты  ұлықтауға арналған іс-шаралар жоғары деңгейде орындалғандығының нәтижесінде филармонияға тиелген Шәмші Қалдаяқов есімі халық жадында қайта жаңғырды. 

2010 жылы 19-наурызда Елбасы Н.Назарбаев жаңа ғимараттың тұсауын кесті.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2014 жылғы 01-шілдесіндегі № 207 қаулысы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының «Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны болып атауы өзгертілді.
 «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер ұлттың жаны ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап байыта түсу – ортақ парыз. Ә. Кекілбаев, «мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы», деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады»,- деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай өркениетіміздің өзегі ретінде бағаланған өнер ордасының дамуы жолында ұжымның ықпалы зор болды.

Бүгінде саф өнердің саңлақтары тоғысқан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары заман талабына сай өнерге жаңа леп беріп еркін адымдап келеді. 

Облыс және қала тұрғындарының мәдени-рухани байлығын арттыру, өнерлі жандардың  музыкалық ағарту қызметін дамытуда аянбай еңбек етіп келе жатқан ұжымда қазіргі таңда Ш.Қалдаяқовтың өзі құрамда болған «Шалқыма» атты қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сара жолын жалғап, «Жұбановтар әуені» байқауының лауреаты, 22 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі сонымен қатар, «Тұмар» фальклорлық ансамблі, орыс халық  ансамблімен қоса өмірі өнермен өрілген ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрманбай  Шойынбаев,  ҚР еңбегі сіңген қызметкері Нышан Төлегенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәбира Әбдірайымова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Гүлбала Әбуова, Айжан Тәженова,  «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Айнұр Әбілдаева, Гүлнұр Нұратаева, Мамадияр Таукеев, Айзада Әлімбек, Дінмұхамед Байқожа, Құралай Қасымова, Гүлмира Қалыбекова «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Айнұр Нұрашова, Ақмарал Биназарова, Гүлдана Мақатаева және 30 дан астам Халықаралық байқаулардың лауреаттары, эстрадалық және дәстүрлі әншілер мен қазақтың фольклорлық  және өзге де елдердің билерін  сахнада кәсіби орындап жүрген  «Фараб», «Ғасыр» би ансамблі мен қатар, скрипкашылар ансамблдері қызмет атқарады. 

Алтын өнердің жанашырлары жиналған  Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармония майталмандары  апта сайын көрермендерін жаңа концерттермен қуантып келеді. Ұжымның әрбір өнер көрсетуінің артында жанкешті еңбек жатыр. Филармония концерт залында бір мезетте 386 көрермен өнер майталмандарының өнерін тамашалап, рухани ләззат ала алады. 

Әуел баста бір мақсат, бір мүдде жолында қызмет ету үшін құрылған филармония ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарламаның қай-қайсысы болмасын көрермен жанына терең бойлап, ыстық ықыласына бөленуде. Қазіргі таңда Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияны білікті басшы, Заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ерназаров Ғалымжан Бақытжанұлы басқаруда. Ғ.Бақытжанұлының мұрындық болуымен көптеген игі бастамалар оң шешімін тауып келеді.

2024 жылдың сәуір айынан бастап, 2024 жылы филармония мекемесі 197 іс-шара өткізіп, 90200 көрерменді қамтыды. Оның ішінде:
  • Қайырымдылық іс-шара саны: 14 өтіп,1880 көрермен қамтылды.
  • Облыстық деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар саны: 163 өтіп,81 295 көрермен қамтылды.
  • Ақылы концерттер саны: 20 өтіп,7025 көрермен қамтылды.
  • Халықаралық деңгейде өткен іс-шара саны: 6 
  • “Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы” аясындағы іс-шара
  • “Түрксой-дың түркі әлемі” атты концерті
  • Қазақстан, Тәжікстан, Қытай мемлекеттерінің экономикалық, этно-фольклорлық форумы
  • Санк Петербург қаласы “Казахстан- Сердце Евразия” атты іс-шара
  • Ташкент қаласы Қазақстанның елшілігінің ұлттық мереке Республика күніне арналған іс-шарасында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
Әр кезеңнің өз әуені, өз ортасы бар, бірақ Шәмші әлемі мәңгі ескірмейтін, көнермейтін әлем. Тақырыптық, мазмұндық ауқымы да аса кең. Оның туындылары  талай жастың махаббат символына айналса, шет елде жүрген қандастарымыз туған жер тақырыбындағы әндерін тыңдап, сағыныштарын басып келеді. Ізгілікке, инабаттылыққа, шынайы махаббатқа шақыратын, сағыныш пен толқу сезімдерін басатын туындылар осылай ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өнер сүйер қауымның көңілінен шығып жатыр. Шәмшінің өзі өлгенімен мұрасы өлмек емес. Ал, облыстың ғана емес тұтастай қазақ руханиятының шамшырағына айналған, Шәмші өнерінің шырақшысы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мекемесі бұрын да, кейін де жағымды жаңалықтарымен өнерсүйер қауымды қуантатын болады.