2024 жылдың 20 қараша күні Tulip hall ғимаратында 60 жылдық тарихы бар Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Ш. Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті «Ән аға-жан аға» атты концерті өтті.
Фойеде скрипкашылар ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шәмшінің өзі тұтынған заттарын арнайы әзірленген мұрағаттық бұрыштан тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Ал, поно-тақтайшалары арқылы Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы 6 әнінің шығу тарихынан хабардар болды.
Кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмшінің таңдаулы шығармаларынан өзге халық әні, классикалық туындылар мен әлемдік саз әуендері шырқалды. Бұрын соңды көпшілік назарына ұсынылмаған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейне роликтер лэд экран арқылы көрерменге жол тартты.
Кеш шымылдығын ҚР Ерен еңбегі үшін медаль иегері Наркенже Серікбаева ашты. Өнерпаздарды 22 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі сүйемелдеді.
Сонымен қатар, кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамблдері өнер көрсетті. Концертке арнайы шақырылған ән падишасының қарындасы Қалдаяқова Райхан апамызға алғыс білдіріп, сый-кәде ұсынылды.
Кешке арнайы келген Түркістан облысының әкім орынбасары Ертай Кенжебекұлы мен Шымкент қаласының әкім орынбасары Сәрсен Абайұлы филармония ұжымының «Ән аға-жан аға» атты концертінің сәтті өтуімен құттықтап, өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Қазақ музыка өнеріне 300-ден астам туынды олжалаған Шәмші атамыз көзі тірісінде: «Халқым барда менің әндерім тыңдаушысыз қалмақ емес»,- дегендей Tulip hall залы Шәмші әндерін сағынған халықпен толыққандығы және филармония өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасын асыға күтетіндігі өнер ордасы үшін үлкен мәртебе. Өз кезегінде Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы маусым сайын жаңа сарын, жоғары деңгейдегі ауқымды кештерін көрерменге ұсынатын болады.
Add New Comment