Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен  қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер Н. Тілендиевтің 100, Қазақстанның халық әртісі ұлы композитор Ш. Қалдаяқовтың 95 жылдығы қарсаңында  ұйымдастырылған жанды дыбыс, жанды дауыстағы,жан тебірентер «Өнердің қос асылы» атты концерт өтті. 

«Qyzgaldak» сарайы ғимаратының фойесінде «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі қос сайыпқыранның әндерін орындап, көрерменді қарсы алды. Әнсүйер қауым Шәмші ауылынан арнайы алып келген құрт, ірімшік, женттен дәм татып, Н. Тілендиев пен Ш. Қалдаяқовтың таңдаулы әндерінің шығу тарихынан панно-тақтайшалары арқылы хабардар болды. 

Кеш шымылдығы қос композитордың әндерінен дайындалған попурримен түрілсе, өнерпаздарды 23 жылдық тарихы бар «Сүгір»  атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі,«Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. 

Сонымен қатар, кеште филармония әншілері әнмен шашу шашса, «Фараб», «Ғасыр»  би ансамблдері шабытты билерімен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Алдағы уақытта филармония өнерпаздары жаңа сарындағы жаңа концерттік жобаларымен көрерменді қуантатын болады